16 жастағы марқұмның отбасы ұлының өліміне кінәлілердің түгел жазаланғанын қалайды. Өйткені, жартысы бостандықта жүр деп отыр.
Шерзаттың әкесі Бас прокурор, Берік Ноғайұлынан көмек сұрауда. Оның айтуынша, Талғар ауданының әкімдігі, прокуроры, ішкі істер органы тергеуге құлықсыздық танытуда. Тіпті, баламның аты-жөнін де білмейді деп налуда.
«Менің бұл алаңға шығу себебім, өлетін балам өлді. Менің, жоғалтатын ештеңем жоқ. Егер алатын болса, мені де алсын. Қамаса, қамасын. Тек, әділ сот болсын. Мен бұл жерге қылмыс жасау үшін, біреуді өлтіруге келмедім. Бір өзім келдім. Халық, өздері қолдап шығып жатыр»,-дейді марқұмның әкесі.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірер күн бұрын 16 жастағы Шерзат, кісі қолынан қаза тапқан болатын. Қайғылы оқиға, өздерінің азық-түлік дүкенінде орын алған. Яғни, сыраның ақшасын төлегісі келмеген күдікті дүкенде дау шығарып, соңы төбелеске ұласқан. Оқиға орнына достарын шақырған азамат, жасөспірімге пышақ жарақатын салған еді.