Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында еліміздің әуежайларын дамыту бағдарламасына Балқаш қаласының әуежайын қосуды тапсырды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
Осы ретте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Балқаш әуежайын дамыту жөніндегі жобаның 2023-2024 жылдарға арналған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына енгізуді қолдайды.
Сондай-ақ Президенттің тапсырмасына сәйкес 2022 жылдың мамыр айынан бастап қазан айына дейін Балқаш қаласына аптасына 14 рейс жиілігімен Астана мен Алматыдан келетін әуе маршруттары субсидияланады. Осылайша, жазғы кезеңде әуе рейстерін «Южное небо» компаниясы іске асырғанын айта кеткен жөн.
Маусымдық және туристік ағымды ескере келе, жаңа әуе және теміржол бағыттарының ашылуы туралы айтатын болсақ, Азаматтық авиация комитеті Қарағанды облысының әкімдігімен бірлесіп, өңірді дамытудың кешенді жоспары аясында жаңа әуе маршруттарының ашылуын қарастырып жатыр. Мысалы, 2024 жылдан бастап Шымкент, Түркістан және Жезқазған қалаларынан Балқаш қаласына дейін маршруттар ашу көзделіп отыр. Соынмен бірге Астана мен Алматыдан орындалатын рейстер субсидияланады.
Мемлекет басшысының «Жас отбасыларға арналған ипотека» жеңілдетілген бағдарламасын қаржыландыруды ұлғайтуға қатысты тапсырмасына келсек, қазір жұмыс істеп жүрген жастарға арналған өңірлік бағдарламалар қабылданып жатыр. Оның ішінде, жас отбасыларға арналған. Мәселен, Қарағанды облысында «Қарағанды жастары» өңірлік бағдарламасы іске қосылып, оны жүзеге асыруға биыл шамамен 1,5 млрд теңге бөлінді. Аталған қаражатқа 75 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.