Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары алаяқтық әрекет жасаған әскери қызметшілерге қатысты 2 қылмыстық істің өндірісін аяқтады. Олардың жәбірленушілерге келтірген жалпы шығын көлемі 126 млн теңгені құрайды. Бұл туралы Бас әскери прокурата мәлімдеді.
Ведомства дерегінше, ҰҚК Шекара қызметінің бұрынғы әскери қызметшісі автокөліктерді нарықтағы бағадан төмен бағада сату кезінде алаяқтық жасады деп күдікке ілінген. Осылайша ол жәбірленушілерді 29 млн. теңгеге алдап, алаяқтық жасады деп айыпталып отыр. Бұл қылмыстық іс материалдары сотқа жолданған.
«Алаяқтық» бабымен күдікті болып отырған екінші адам Ұлттық ұланның келісімшарт негізіндегі әскери қызметшісі екен. Ол смартфондарды арзан бағада ұсынып, жәбірленушілерді алдап соққан. Келтірілген шығын – 97 млн. теңгеден астам. Қылмыстық іс материалдармен тараптардың танысу сатысында және жақын арада әскери сотқа жіберіледі.