Түркістан облысы Отырар ауданында тұратын жас келіншек жерлестерін алдап, сан соқтырып кеткен. Полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оның атынан белгісіз біреу банктердің бірінен несие алған. Келтірілген шығын көлемі – 1 миллион теңге. Бұл туралы жәбірленуші арада 1 айдай уақыт өткен соң банктен несиеңізді төлеңіз деп хабар келгенде бір-ақ білген.
Әйелдің арызы Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді. Көп ұзамай осы қылмысқа қатысты күдікті анықталған. Ол жәбірленушінің танысы, жергілікті тұрғын болып шықты.
Күдікті жас келіншек жәбірленушіні жұмысқа кіргізіп беремін деп, оның құжаттарын суретке түсіріп алған екен. Содан жәбірленушінің жеке мәліметтерін пайдаланып, атынан тауарлық несие шығарған. Бұдан бөлек оның тағы 2 алаяқтық қылмысына қатыстылығы анықталды. Онда күдікті әріптесі мен туысының құжаттарын түрлі сылтаумен алып, олардың аттарынан әрқайсысына 1 миллион теңгеден несие алған.
«Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оның басқа да осындай алаяқтық қылмысына қатысы бар-жоғы анықталуда. Күдікті әйел қомақты қаражатты өз пайдасына жұмсап жіберген»,-деді облыстық Полиция департаментіндегілер.