Алматы әуежайының автотұрағында үш ер адам төбелес шығарған. Бұл сәттің видеосы әлеуметтік желілерде пайда болды. Оқиға 26 шілдеге қараған түні орын алған. Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, ішімдік ішкен үш адам төбелесіп қалған. Осы кезде полиция қызметкерлері оларды ажыратпақ болғанда бірі қолындағы сыраның шыны бөтелкесін сындырып, полицейге қарай жүгіріп, оны ұрмақшы болыпты. Осы сәтте тәртіп сақшысы ескерту ретінде қызметтік қаруынан оқ атуға мәжбүр болған.
«Төбелес қатысушылары ұсталды. Олар – Алматы мен Түркістан облысының тұрғындары. Оның екеуі бұған дейін адам тонағаны және бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін сотты болған. Олардың әрекеті ҚК-нің 293-бабы 2-бөлігі – бұзақылықпен сараланып, қамауға алынды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды»,- делінген Полиция департаменті берген мәліметте. Ведомствадағылар қызметтік қаруды қолдану дерегі бойынша қызметтік тексеру жүргізілетінін атап өтті.