Алматыда кәмелет жасына толмаған бойжеткен жеке тұрғын үйдегі әжетханада босанып, шақалақты сонда тастап кеткен. Бұл туралы полицейлерге дәрігерлер хабарлаған. Ақ халаттылардың айтуынша, жас қыз түсік тастап, ауруханаға түскен. Осыдан кейін полицейлер дереу оқиға орнына барып, баланы іздеген.
Polisia.kz жазуынша, тәртіп сақшылары қыздың анасымен сөйлескен. Ол бойжеткен сырттағы әжетханада ұзақ уақыт болғанын айтыпты.
«Дәретхана ішінен қан іздерін тауып, ішінде жатқан баланы көрдім. Ол дем алып жатты. Осы кезде тергеу-жедел тобы келді, оның құрамында криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Ғазиз Хамасқалиев болды. Біз дәретхананың еденінен тақтайларды тез алып тастадық. Әріптесім төмен түсіп, баланы қызметтік көйлегіне орап, шығарып алды. Сол кезде нәресте жылады. Баланы тез арада дәрігерлерге тапсырдық», – деді Түрксіб аудандық ПБ-ның кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспекторы Нұржан Шатунов.
17 жастағы жасөспірімнің анасы қызының жүкті болғанын білмеген.
Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша тергеу амалдары басталды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Полицейлер құтқарып қалған нәресте дәрігерлердің бақылауында, жансақтау бөлімінде жатыр.