Алматыда пәтер ұрлығымен айналысқан әккі ұрылар қолға түсті. 4 адамнан құралған топ қалада кемінде 5 ұрлық жасаған. Полицейлердің дерегінше, олардың қылмыс кезінде өз рөлдері болған. Бірі сыртта күзетіп тұрса, қалғаны пәтер ішіне кіріп, оңай олжаларды жымқырып кетіп жүрген.
«Күдіктілердің қылмыс жасау операциялары біркелкі болған. Топ мүшелері кіреберіске кіріп, есік қоңырауын басқан. Егер ешкім ашпаса және есіктің арғы жағы тыныш болса, олар кіреберіс есіктің құлпын ашып отырған. Есік құлыптарын ашу үшін қаскөйлерде арнайы құрылғылар болған. Яғни, әртүрлі өлшемдегі басты кілттер, кілттер, имитаторлар. Мұның бәрі қораптарға салынған. Қазіргі уақытта күдіктілердің қаланың әртүрлі ауданында орын алған 5 эпизодқа қатысы бар екендігі анықталды. Соңғы дерек «Шұғыла» шағын ауданындағы үйлердің бірінде тіркелген. Олар оқиға орнында ұсталды», – дейді Наурызбай аудандық полиция басқармасының бастығы Данияр Меңдебаев.
Ұсталғандардың ең үлкені – Қостанай облысының тумасы, 1969 жылы туған. Қылмыстық топтың қалған мүшелері – 30 жаста, 34 жаста және 41 жаста. Олар да басқа жақтан келгендер.
Құрықталғандардың үшеуі бұрын сотты болған және ұрлық жасағаны үшін жазасын өтеп шыққандар. Барлығы да уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігі бойынша жүргізілуде.