Алматы полициясы ойын-сауық мекемелерінде рейдтік жұмыстар жүргізді. Іс-шара кезінде кальянды пайдалану, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелері мен компьютерлік клубтарда болуы, сағат 23.00-ден кейін алкоголь өнімдерін сату сынды құқықбұзушылықтар мен жеңіл жүрісті қыздар анықталды.
Ведомство мәліметінше, бұл шара ең алдымен қоғамдық тәртіпті бұзу деректерінің жолын кесуге және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған.
«Рейд нәтижесінде Алмалы ауданындағы 10 мекемеде кальян қолданудың 38 дерегі анықталса, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуының 27 дерегі тіркелді. Ал Медеу ауданында кальян қолданудың 43 дерегі тіркелді», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Ұзабаев.
Сонымен қатар шаһар орталығында жезөкшелікпен айналысуға арналған 2 жезөкшелер үйі анықталды. Ол жерде 7 жеңіл жүрісті әйел жұмыс істеп келген.
«Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша патрульдік полиция және мамандандырылған батальонның экипажы қала жолдарында 17 мас жүргізушіні ұстады. Сондай-ақ, көлікті агрессивті басқарудың 3 дерегі, көлікті қауіпті басқарудың 6 дерегі және терезесін қараңғылаған 7 көлік анықталды. Бұл эпизодтар жүргізушілер арасындағы көлік тәртібінің төмендігі туралы айтады. Осындай рейдтік іс-шаралар барлық жерде жүргізіледі», – деді спикер.