Павлодар-Омбы бағытындағы трассадағы жүк көлігінен құны 2,5 млн доллардан асатын есірткі табылды. Белгілі болғандай, қырғызстандық азамат есірткіні қарбыздың ішіне салып, Қазақстан арқылы Ресейге алып өтпек болған.
Polisia.kz жазуынша, ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті Павлодар облысының полиция департаментімен бірлесіп, жедел-тергеу іс-шараларын жүргізу барысында Қазақстан Республикасы арқылы өткен героиннің ірі партиясы “транзитінің” жолын кесті.
“Шілде айында Павлодар – Омбы бағытындағы автожолда арнайы мақсаттағы бөлімше жауынгерлерінің күштік қолдауымен жүк көлігін тізгіндеген Қырғызстан Республикасының 54 жастағы азаматы ұсталды. Жүк көліктің Volvo маркалы тіркемесінде Қырғызстаннан Ресейге жеткізілуі тиіс қарбызбен қоса, 59 килограмм “героин” салынған 21 полиэтиленді орама және 10 килограмм “гашиш” салынған екі орама анықталып, тәркіленді”, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.
Бұл шамамен 250 мың бір реттік доза, оның қара нарықтағы құны 2,5 миллион доллардан асады. ҚР ҚК-нің 286-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды (Айналымнан алынған заттардың немесе айналымы шектелген заттардың контрабандасы).
Қазіргі уақытта осы есірткі қылмысының өзге қатысушылары мен ұйымдастырушыларын, сондай-ақ есірткі жеткізудің басқа да ықтимал арналарын анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде.