Түркістан облысы Арыс қаласының тұрғыны 40 келілік қошқарды 3555 рет көтерді. Осылайша Азамат Мақұлбеков рекорд жаңартып, Қазақстан рекордтар кітабына (КИнЭС) енді.
Білекті батыр Түркістан облысының құрылуына 5 жыл толуына ұйымдастырылған спорттық шарада 40 келі қошқарды 5 сағат 26 минутта 3555 рет көтерген.
28 мамыр күні өткен шараға Қазақстан рекордтар кітабының (КИнЭС) құрылтайшысы Бақытжан Тастүлеков арнайы қатысып, рекорд жаңартқан ер адамға Қазақстан рекордтар кітабының кейіпкері ретінде енгені туралы куәлік табыстады.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, 37 жастағы Азамат Нұрғалиұлы құрылыс саласында қызмет етеді. Спорттың бірнеше түрімен айналысады. Қошқар көтеру сайысына қызығушылығы 2018 жылдан басталып, сол уақыттан бері шұғылданып келеді екен. Айтуынша, Қазақстан бойынша соңғы рекорд Алматы қаласында тіркелген. Ол кезде қатысушылардың бірі қошқарды 2019 рет көтерген. Бұл рекордты жаңартқан арыстық батыр енді әлемдік деңгейдегі сайыстарда бақ сынауды жоспарлап отыр. Шетелдерде өтетін алыптар сайысына қызу дайындалатынын айтқан Азамат Мұсабеков 5 мың рет муляж көтеру арқылы халықаралық деңгейде Гинесс рекордтар кітабына енуді көздеуде.
Қазақстан рекордтар кітабына енген тұрғынды облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев бүгін арнайы қабылдап, жеңісімен құттықтады.
«Сіз туралы естіп, сайыстарда көріп жүрмін. Жеңісіңізбен және Қазақстан рекордтар кітабына енуіңізбен шын жүректен құттықтаймын! Қошқар көтеру — қазақтың ұлттық спортының бір түрі. Бұқаралық спорттық сайыстарға қатысып, насихаттап келе жатқаныңыз үшін алғыс білдіреміз. Қолдау көрсеткен азаматтардың да үлесін атап өткен жөн. Бұл — еңбекпен әрі тыңғылықты дайындықпен келетін жетістік. Осы бағытта әлі де облысымызды танытуға атсалысасыз деген сенім мол», — деді Бейсен Тәжібаев.