Елорда мешіттерінде ұрлық жасап жүрген күдікті ұсталды. Polisia.kz жазуынша, тәртіп сақшыларына қала тұрғыны арызданған. Ол мешітте намаз оқу кезінде ұялы телефоны ұрланғанын айтқан. Ер адам өзінің ұялы телефонын алыс бөлмеге қуат көзіне қойып, қайтып келгенде оны таппай қалған. Бейнебақылау камераларын қарап шыққаннан кейін полицейлер күдіктіні анықтады, ол көпшілік намаз оқып жатқан кезде телефонды алып, мешіттен шығып кеткен. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Қостанай облысының 27 жастағы тұрғыны ұсталды. Құны 150 мың теңге тұратын ұялы телефонды күдікті сатып үлгерген. Полицейлер оның мешітте ұрлық жасаудың тағы екі фактісіне қатысы бар екенін анықтады. Гете көшесінде күртешенің қалтасынан ол телефонды ұрлап кеткен. Содан кейін Қабанбай батыр даңғылындағы мешіттен телефонды және құлаққаптарын ұрлаған. Ер адам кінәсін мойындады, ұрлық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жас жігіт уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Видео
Қала әкімі кезекті қабылдауын өткізді