Астанада өзінің бұрынғы көлігін айдап әкеткен 19 жасар жігіт ұсталды. Ол Daewoo Nexia автокөлігін айдап әкетуге қатысы деген күдікке ілінді. Polisia.kz жазуынша, тергеу барысында көлік құралы бұрын оған тиесілі болғаны анықталған. Бір жыл бұрын жүргізуші шетелдік есепке алынған Daewoo Nexia автокөлігін қазақстандық есепке алынған автокөлікке айырбастаған. Алайда біраз уақыттан кейін қазақстандық есепке алынған автомобиль бұзылып, жүргізушілер арасында жанжал туындаған. Бірнеше күн бұрын автокөлік сату сайтын қарап отырған жігіт өзінің бұрынғы көлігін сату туралы хабарландыруға тап болған. Көп ойланбастан жүргізуші көлікті ұрлауға шешім қабылдап, жәбірленушінің тұрғылықты мекенжайына барған.
Қосалқы кілттермен ол көлік құралын оталдыруға тырысқан, алайда көлік оталмағаннан кейін манипулятордың қызметін пайдаланған. Кейін көлікті үйіне айдап әкеткен. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті өз кінәсін мойындады.