Атырау облысы Жасталап ауылының маңында жол апаты орын алды. Toyota автокөлігін 14 жастағы жасөспірім тізгіндеген. Оқушы басқаруға ие бола алмай аударылған. Жол апаты салдарынан мектеп оқушысы қайтыс болды. Көлік ішінде болған 4 жасар жолаушы ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
«Осыған байланысты ІІМ көлік құралын басқару құқығы жоқ адамға бергені үшін жауапкершілік туралы ескертеді (ӘҚБтК-нің 612-бабының 5-бөлігі). Сондықтан ата-аналарға дәл бүгін, кейінге қалдырмай, балалармен жол қауіпсіздігінің негізгі қағидаларын талқылауға кеңес беріледі. Бұл кеңестер баланың жадында сақталады және қауіпті жағдайлардың тәуекелін азайтады», – деді ІІМ ӘПК-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстанда жасөспірімдердің көлік тізгіндеу әрекеттерінен 70-тен астам жол-көлік оқиғасы орын алған. Оның салдарынан 10-нан астам адам қаза тауып, 90-нан астам адам жараланған.