Абай облысындағы балалар үйінің басшылығы бюджет қаржысын қалтаға басып келген.
Бас прокуратураның хабарлауынша, Үржар ауданының прокуратурасы Науалы балалар үйінің әкімшілігі қызметкерлерінің бюджет қаражатын 6 миллион теңгеден астам сомаға ұрлау фактісін анықтады.
Балалар үйінің директоры мен бас бухгалтері өздеріне жоғары жалақы төлеген. Жоғары сыйлықақылар мен іссапар шығындарын тізімдеген. Жымқыру деректері штат кестесі мен қазынашылық есептерді салыстыру барысында анықталды. Онда тиісті жалақы мен нақты төленген жалақы арасындағы айырмашылық пайда болған. Сонымен қатар, “өлі жандар” деп аталатын жұмыс істемейтін адамдарға жалақы төленіп келген.
«Балалар үйі басшылығының заңсыз әрекеттерінің салдарынан мемлекетке залал келтірілді. Осы факті бойынша прокуратура Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігінің 2, 3-тармақтары бойынша қылмыстық іс қозғады. Істі сотқа дейінгі тергеу сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тапсырылды» делінген Бас прокуратура мәліметінде.