Шымкент қаласында Біріккен Араб Әмірліктерінің Бас консулдығы ашылатын болды. Бұл Қазақстанның СІМ мен БАӘ-нің Қазақстандағы Елшілігі бірлесіп жүргізген жұмыстың нәтижесінде белгілі болып отыр. Қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров баспасөз мәслихатында осылай деді.
Басқарма басшысының айтуынша, Шымкенттің инвестициялық тартымдылығын насихаттау, туристік әлеуетін таныстыру мақсатында сыртқы байланыстарды дамытудың маңызы зор. Осы ретте шетелдік дипломатия өкілдерімен және компаниялармен де біршама нәтижелі кездесулер өткен. Қазіргі таңда Шымкент 10 қаламен бауырлас қатынас орнатса, жыл соңына дейін қосымша 7 қаламен ынтымақтастық құруды жоспарлауда. Оның ішінде: Қытайдың Далянь және Сиянь, Италияның Генуя, Әзірбайжанның Гянджа, Литваның Каунас, Болгарияның Пловдив, Татарстанның Қазан қаласы бар.
“Бірінші жартыжылдықта «Наурыз» және «Қала күні» сияқты мерекелер аясында «ДәмДәсTour», «Балмұздақ фест» гастрономиялық фестивальдерінен тұратын шаралар қатарын қалыптастыруға баса назар аударсақ, ал күзде талантты жастар мен туристік бизнесті қолдау үшін имидждік іс-шаралар құруда үлкен жоспарларымыз бар. Осы кезеңде «Shymkent Mobilography Fest» фестивалін, «Shymkent Tourism Awards» конкурсын, цитадельде лазерлік шоу, қолөнершілерді қолдау аясында «Этно Шымкент» фестивалін өткізуді жоспарлап отырмыз”, – деді Ерлан Қыдыров.
Басқарманың мәліметінше, биыл алғашқы жартыжылдықтағы көрсеткіш бойынша қалаға 216 249 турист келген. Ал «экспресс-статистикалық» ақпаратқа сәйкес, 9 айда шаһарға 300 мыңға жуық турист келеді деп күтілуде. Жалпы туристерді қабылдау көрсеткіші бойынша Шымкент қаласы республикада Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан кейін үшінші орында. Шет мемлекеттерден келетін туристердің басым бөлігін Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия және Қытай азаматтары құрап отыр.
«Туристер санының артуына Шымкент қаласынан тікелей бағыттағы әуе рейстердің көбеюі тікелей әсер етеді. Оның ішінде ішкі рейстер Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Семей және Қостанай қалалары жәнех бағытта Стамбул, Мәскеу, Анталия және Кутаиси қалаларына жүруде» делінген басқарма мәліметінде.
«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-мен бірлесе Қазақстан бойынша әзірленген «NeoNomad 2022» гранд-турына Шымкент қаласынан «Shym qala» тарихи-мәдени кешені енгізілген. Аталған жобаның басты мақсаты – туристер келуге ұсынылатын орындардың тізімін қалыптастыру. Туристер өз кезегінде аталған фотоспоттарда суретке түсіп (20 нысанда) «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-ға жолдаса, «Қазіргі Заманғы көшпенді – NeoNomad 2022» атағын алады. Сонымен қоса, компания ұсынған заманауи бейнедегі «Kazakhstan» брендтік сағатына ие болады.
Айта кетерлігі, басқарма тарапынан да Цитадельде орналасқан фотозона бойынша да конкурс басталған. Дәл сол рамкада фотоға түсіп, #VisitShymkentNeo хэштегі мен @visitshymkent, @shymkent_tourism парақшаларын белгілеп және жазылған желі қолданушысы арнайы бағдарлама арқылы таңдалып, сыйлыққа ие болады.