Бас прокуратура еліміздегі балалар лагерьлеріндегі заң бұзушылықтар туралы хабарлады.
Ведомствоның ресми мәліметінше, Алматы облысында 22 балалар лагерінің 8-і өз қызметін уәкілетті органдардың рұқсатынсыз, санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы ережелерді бұзу арқылы жүзеге асырған. Әрбір екінші балалар мекемесінің ойын және спорт алаңдарында қауіпсіздік талаптары сақталмағаны анықталған. Ескі жатын-орындары күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл ретте 4 балаға арналған бөлмелерде іс жүзінде 8 немесе одан да көп адам орналастырылған.
Ал Қонаев қаласындағы «Бәйтерек» лагерінде мемлекеттік сатып алу туралы шарттың талаптарына қайшы, балалардың демалысы мен білім алуы дұрыс ұйымдастырылмаған. Қапшағай су қоймасында балалардың суға түсуі кезінде қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген. Сонымен қатар аталмыш лагерь директоры жұмыс орнында мас күйінде болған. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды (ҚР ӘҚБтК 440-бабы).
Тексеру қорытындылары бойынша балалар лагерьлері әкімшілігінің кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру (ҚК 140-бабының 2-бөлігі) басталды.