Шымкент тұрғыны пәтер аламын деп оңбай алданды. Жәбірленушінің айтуынша, 6 жылдан бергі танысы мемлекеттік бағдарлама бойынша үш бөлмелі үй алып беремін деп 2 миллион теңгесін алаяқтық жолмен иемденген. Алайда қомақты қаржыны алған соң уәдесін орындамаған, ақшаны да қайтармаған.
Жәбірленуші әйелдің арызы Қылмыстық кодекстің 190-бабы 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Жедел-іздестіру жұмыстары кезінде күдікті әйел қала аумағынан ұсталды. Ол Шымкент қаласының 63 жастағы тұрғыны болып шықты. Зейнеткер бұрын мұнай саласында жұмыс істеген.
«Тергеу кезінде ұсталған тұрғынның алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жібергені белгілі болды. Тергеу амалдары жүргізілуде»,-деді қалалық Полиция департаментіндегілер.