Алматы облысы Жандосов ауылындағы білім ұясында бастауыш сынып оқушыларына мерзімі өтіп кеткен йогурт берілген. Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желіде пайда болды.
Автордың жазуынша, балаларға жарамдылық мерзімі 2 жыл бұрын өтіп кеткен йогурт берілген. Өнімнің қорабында сақтау мерзімі 2021 жылға дейін деп көрсетілген.
Желіде тараған ақпараттан кейін Қарасай аудандық білім бөлімінде шұғыл жұмыс тобы құрылып, мектеп асханасына тексеру жүргізілді. Нәтижесінде сүт өнімдерінің мерзімі өтіп кеткені анықталған және оны балаларға беруге тыйым салынған.
«Мектеп басшысы тәртіптік жауапқа тартылды. Ал жеке кәсіпкерге хабарлама жіберіліп, асхана жұмысы қатаң бақылауға алынды» делінген білім бөлімінің мәліметінде.
@egov.press Telegram каналының жазуынша, Қарасай аудандық полиция бөлімінде бұл жайт бойынша Қылмыстық кодекстің 306-бабы 2-бөлігі бойынша іс қозғалған.