Достық-Мойынты учаскесінің екінші жолының салынуы өткізу қабілетін 5 есеге арттырады

362

​Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев әкімдік пен ҚТЖ арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Сол сияқты осы жиында «Қуатты аймақтар – еліміздің даму драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде «Достық – Мойынты» учаскесінде салынатын екінші жолдың құрылысына қатысты мәселелер талқыланды. Сондай-ақ облыс әкімінің халықпен кездесулерінде көтерілген темір жолға қатысты проблемалардың шешімі сөз болды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алдымен облыс әкімі темір жол ұжымының облыс аумағындағы үйлесімді жұмысы үшін алғысын жеткізді. Сол қатарда Алакөлге дейінгі пойыз қатынасын, соның ішінде «Тальгоның» да қатарға қосылғанын, көмірді уақтылы жеткізудегі ҚТЖ-ның зор көмегі болғанын атап өтті. Сонымен бірге Жетісу облысының көлік-логистика саласындағы транзиттік әлеуетіне де қысқаша тоқталды.

– Достық стансысындағы «DAR RAIL Infrastructure» ЖШС жүк тиеу терминалы жобасын қолға алуда. Осы бағыттағы «Dostyk Trans Terminal» ЖШС жобасы да 2021 жылдан іске асырыла бастады. Бұл ретте республикадағы аса үлкен жоба «Достық – Мойынты» темір жол желісінің екінші жолы құрылысының облыс экономикасына тигізетін ықпалы зор болады деп сенемін және оған облыс тарапынан қажетті барлық қолдаулар көрсетіледі, – деді Б.Исабаев.

Аталған «Достық – Мойынты» жобасы жайлы қысқаша «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов айтып берді. Оның айтуынша, ұзындығы 836 шақырым болатын темір жолдың 320 шақырымы Жетісу облысының аумағынан өтеді. Жоба 2022-2025 жылдары іске асырылады. Оған тартылатын инвестицияның 38%, яғни 218 млрд. теңгесі Жетісу облысына тиесілі болмақ. Жобаның құрылысы кезінде 1 600 адам жұмысқа тартылса, іске қосылғанда 340 адам еңбекпен қамтылады. Оған негізінен жергілікті жердің тұрғындары тартылатын болады. Жалпы бұл жобаны іске асыру темір жолда тәулігіне жүретін пойыздар санын 12-ден 60-қа арттыруға мүмкіндік береді. Сол сияқты контейнерлік пойыздардың қозғалыс жылдамдығын тәулігіне 1 500 шақырымға арттыруға жағдай жасайды.

Ең бастысы, құрылысқа қажетті құны 109 млрд. теңге болатын материалдар, атап айтқанда металл конструкциялары, инертті материалдар, құм мен қиыршық тас, шпалдар, темір бетон бұйымдары жергілікті жерден, яғни Жетісу облысының өндіріс орындары шығарған өнімдерден пайдаланылатын болады, бұл ретте қазақстандық мазмұн 85% болады деп межеленіп отыр. Сол сияқты Қ.Әлмағанбетов облыс аумағындағы «Алтынкөл» стансысының және басқа да кішігірім темір жол бекеттердің жұмысына да тоқталды.

Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов Бейбіт Исабаевтың аудандарда өткізген тұрғындармен кездесулерінде көтерілген темір жол саласына қатысты проблемаларды жеткізді. Достық стансысы тұрғындары оқушылардың мектепке қарай темір жолдан өтетін тұсына арнайы жер үсті жолын салу туралы өтініштерін айтқан. Сол сияқты осы елді мекендегі темір жолға қарасты тұрғын үйлерді жергілікті әкімдіктің балансына өткізу арқылы жұмысшылардың жекешелендіруіне жағдай жасау жайы да сөз болды.

Текелі және Талдықорған қалаларындағы темір жолдың жекенің қолына өтіп кеткен кіреберіс жолдарының мәселесі әлі де өткір тұр. Облыс аумағындағы темір жол учаскелерінің елді мекендерден өтетін және басқа да қауіпті деген жерлерінде қоршау орнатылса деген өтініштер айтылды, қабылданатын бұл шара адамның, малдың пойыз астына түсуінің алдын алуға, темір жол жұмысына кедергінің болмауына да ықпал етер еді. Тағы бір сөз болған мәселе, «Достық – Мойынты» жобасындағы облыс аумағында жұмыс жүргізетін компаниялардың сәйкесінше осы өңірге тіркелуі міндетті түрде ескерілуі тиіс.

Аталған мәселелердің барлығына толыққанды жауап берген Н.Сауранбаев:

– Біз үшін адамдардың қауіпсіздігі – бірінші кезектегі басымдық. Сондықтан жол үсті өткелін салу, қауіпті деген учаскелерде қоршау қою шаралары міндетті түрде атқарылатын болады. Бұл жұмыстар жоспарымызда бар. «Достық – Мойынты» учаскесіндегі екінші жолдың құрылысын салу – Президенттің тапсырмасымен қолға алынған іргелі жоба. Оның іске асырылуы Жетісу облысы үшін мультипликативті тиімділігін көрсетеді деп ойлаймын. Бізбен әріптестік байланыстарды жандандырып, өзекті мәселелерді бірлесіп талқылауға, шешімін бірге қарастыруға мүмкіндік жасағандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін, – деді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы.

Жиынға қатысушылар ҚТЖ компаниясының құзырына кіретін мәселелерге қатысты сұрақтарын қойды. Мәселен, Балқаш көлі жағалауын дамыту қолға алына бастады, ендігі жерде туристер легінің көбейетініне байланысты болашақта Лепсі ауылына темір жол бекетін салу қажеттілігі туады. Соны қазірден жоспарлау қажет. Сол сияқты «Темірбетон» зауыты, «Айсұлу» тігін фабрикасы республикалық «Достық – Мойынты» учаскесіндегі жобаға қатысуға қажетті барлық мүмкіндіктері бар екенін жеткізді. Бұл ретте жиын барысында жобаға іріктеуде бәсекеге қабілетті кәсіпорындардың жұмысты атқару мерзімі мен сапасының тиісті талаптарға сай болуы ескеріліп, барлығы заң аясында жүргізілетіні айтылды.

Жиын қорытындысында екі тарапқа да пайдалы пікір алмасу болғанын атап өткен облыс әкімі Бейбіт Исабаев «Достық – Мойынты» учаскесіндегі жобаның облыс үшін маңызы зор екенін тағы бір мәрте атап өтті.

– Облыс әкімдігі инвесторларға жобаларды іске асыруда жан-жақты қолдау мен көмек көрсететін болады. Біз әрқашан сындарлы ашық ынтымақтастыққа дайынбыз. Бүгінгі қол қойып отырған меморандум облысымыздың көлік-логистикалық әлеуетін дамыту мен одан әрі кеңейтуге жол ашып, бірлескен жобаларды іске асыруда өз нәтижесін береді деп ойлаймын. Осының барлығы өңір экономикасын ілгерілетуге, сол арқылы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға өз әсерін тигізетін болады. Мемлекет басшысының алдымызға қойып отырған басты міндеті де осы, – деді Бейбіт Исабаев.

Мұнан соң қос тарап меморандумға қол қойысты.

Алдыңғы пост
Түркістан облысында бірнеше бөгеттердің сейсмикалық төзімділігі қалпына келтіріліп, жақсартылады
Келесі пост
55 күнде 5555 шақырым: қарағандылық азамат халықаралық веложарысын аяқтады

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Fill out this field
Fill out this field
Please enter a valid email address.
You need to agree with the terms to proceed

Видео

Қала әкімі кезекті қабылдауын өткізді

Күннің жаңалықтары

Оқырмандар арасында танымал

Редакторлар бағандары

Барлық тегтер

Menu