Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысы жұртшылығымен кездесуінде радикалды ағымдар мен діни сепаратизм туралы айтты, деп хабарлайды Elitar.kz.
«Қазақстан – зайырлы мемлекет. Конституциямызда дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ, зайырлы және төзімді, толерантты болу дегеніміз бәріне көз жұма қарап, жайбарақат отыру деген сөз емес.
Біз елдің қауіпсіздігі мен тұтастығына нұқсан келтіруге ешқашан жол бермейміз. Радикалды ағымдар мен діни сепаратизмге ортамызда орын жоқ. Бабаларымыз ғасырлар бойы ислам дінін ұстанған. Шариғаттың шарттары мен халқымыздың әдет-ғұрпы үндескен дәстүрлі ата дініміз бар. Оның асыл құндылықтары осы күнге дейін ұлтымызды ұйыстырып, бірлігімізді бекемдеп келеді. Ата жолын сақтап, дініміз бен салт-дәстүрімізді берік ұстау – біздің перзенттік парызымыз. Осы орайда, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру аса маңызды”, – деді Президент.