Кентауда дәмханалардың бірінен тамаққа тапсырыс берген тұрғындар жаппай уланды. Түркістан облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 6-9 қазан аралығында Кентау қаласының қоғамдық тамақтандыру объектілерінің бірінде 168 адам зардап шеккен топтық тамақтан уланудың 1 жағдайы тіркелді.
Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Алтын Досанованың айтуынша, уланғандардың 145-і дәрігерлер көмегіне жүгінген. Бұл туралы ол Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Қазанның 6-сы мен 10-ы аралығында Кентау қалалық орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне 67 науқас түскен. Олардың барлығы -инфекциялық стационарға жатқызылған. Науқастардың 34-і ересек, оның бесеуі жүкті әйелдер. Қалғаны 33-і балалар. Барлығының жағдайы орташа ауыр.
Уланғандар Кентау қаласындағы «Ризық-Раяна» дәмханасынан суши,пицца,чикен,картоптық фри алып жеген. Барлығы дене қызуының жоғарлауы,құсу,іштің өтуі,жалпы әлсіздік бойынша шағымданған. Тағы 47 тұрғын амбулаториялық емдеуге жіберілген. Бұдан өзге 31 науқас Түркістан қалалық орталық ауруханаға жатқызылған.
Кентау қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы қалалық полиция бөлімімен қозғалған қылмыстық іс аясында объектіні жоспардан тыс тексеруді жүргізген.
Тексеру барысында санитариялық қағидалар талаптарының мынадай бұзушылықтары анықталды: қызметке рұқсат беру құжатының, шикізат пен өнімнің қауіпсіздігін куәландыратын құжаттардың, медициналық тексеруден өткені туралы деректердің болмауы. Нысанда тиісті санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шаралар өткізіледі. Қазіргі уақытта тамақтану объектісінің қызметі тоқтатылды.
Айта кету керек, тамыз айында дәл осы кафеде 8 адам тамақтан уланған болатын.