Тұтынған газдың есептегішін тексеруге келген контролерге тап беріп, жағасынан алған ананың видеосы әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр.
«Газдың есептегішін тексеруге келген, соны үйіне кіргізбей жатыр» деп жазылған видеода.
Газ саласының екі қызметкері жеке тұрғын үйге келгенде үй иесі шығып, жанжал шығарады. Өзі немересі ауырып жатқанын айтқан әйел ашуға қатты беріледі.
«Қазір ауруханадан келдік. Қанды ішпе, құрып кет, көзіме көрінбей»,-дейді жігіттің жағасын жұлқылап тұрған әйел. Ал маман болса, барынша өзін сабырлы ұстайды. Оның
«Әпше, әйел басыңмен олай жасама. Жібер дедім» дегені сол еді, үй тұрғыны «Ал, ұр деп жауап қайтарады.
Видеоны түсіріп тұрған келіншек ашуға мінген тұрғынға ақшаны Үкіметке төлеп жатқанын, өз қалтасына алып жатпағанын ескертеді. Осы кезде эмоциясын ұстай алмаған үй иесі келіншектің қолындағы телефонға тап береді.
Видеоны көрген желі қолданушылары газ саласының қызметкерлерін жақтап, олар бар болғаны өз жұмысын атқарып отырғанын алға тартты.
«Масқара, мынау бетпақ қой», «Төлемесе, газды қырқып кетсін», «Осындайларды түсінбеймін. Қолдандың ба, төле», «Сұмдық қой мынау. Ана ер кісінің сабыры мықты екен», «Мына жігіттің жағасынан алғаны несі?», «Төлесе, өзі жаққан газдың ақшасын төлейді ғой. Не болды сонша бақырып? Үп-үлкен басымен ұялмай ма?», «Ұятын-ай» деп жазды желі қолданушылары.
Бұл оқиғаның нақты қай жерде болғаны белгісіз. Желі қолданушыларының пікірінше, Түркістан облысында орын алған жағдай көрінеді.