Осы жылғы қазанның 26 мен 30 аралығында Үндістанның Дели қаласында гір спорты бойынша өтіп жатқан әлем чемпионатына Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінің қатардағы сарбазы Оспанов Жамбыл Қонысұлы Қазақстан құрамасының атынан 95 кг. категориясында онлайн режимде қатысып, 10 минутта 64 кг. гір тасын 100 рет көтеріп, 1 орынға шықты.
Айта кетейік, қатардағы сарбаз Оспанов Жамбыл Қонысұлы жақында ғана гір спорты бойынша Көкшетау қаласында өткен Азия чемпионатында чемпион атанған болатын.
Қатардағы Оспанов Жамбыл Қонысұлы өткен жылдың желтоқсан айында Көкшетау қаласынан Ұлттық ұланның 6506 әскери бөліміне мерзімдік қызметін өтеуге әскер қатарына шақырылған болатын. Өзінің мамандығы – бағдарламашы. Алайда 2 сыныптан бастап гір спортымен айналысқан Жамбылдың арманы басқа болды. Өзінің жаны қалайтын спорт түрінен әлемдік жарыстарға жолдама алу еді. Облыстық республикалық деңгейде өткен жарыстарда мектеп жасында жүріп–ақ алтын, күміс жүлделерді қанжығасына байлады. Жамбылды 10 жасынан өзінің қарамағына алған жаттықтырушысы – Жұмабеков Бахтияр Төлеубайұлы оның талабы мен жетістіктеріне қарап болашағынан зор үміт күтіп аянбай тер төкті. Мектепті аяқтап студент болған соң Жамбылдың гір спорты бойынша жетістіктері мен таланты еленіп, Қазақстан құрамасының тізіміне енді. 2021 жылы қазан айында Венгрияның Будапешт қаласында өткен гір спорты бойынша әлем чемпионатында 1 күміс және 1 қола жүлдені еншілеген болатын.
2022 жылдың наурыз айында Ұлттық ұланның әскери бөлімдері арасында өткен спортшылар чемпионатында гір тасын көтеруден алтын медаль алып жеңіспен оралды. Артынша сәуір айында Көкшетау қаласында ұйымдастырылған Азия чемпионатында да жеңіс туын желбіретті.
Жүлделі орындардың жеңістер мұнымен аяқталмады. Енді әлемдік додада ұландық жауынгер Қазақстан құрамасының қоржынына тағы да алтын салды.
Отан қорғау жолында Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінде өзінің мерзімдік қызметін атқарып жүрген жауынгер Оспанов Жамбыл алдағы күндерде әлі талай әлем жарыстарда әскеріміздің мерейін асырып, еліміздің абыройын асқақтатып, көк туымызды биіктен желбіретініне сенеміз!