Қарағанды облысында аудандық мәслихат депутаты екі баланы қағып кетті. 33 жастағы халық қалаулысы Аманат партиясының Бұқар Жырау аудандық филиал төрайымы.
Бірқатар БАҚ беттерінде тараған ақпаратқа сүйенсек, депутат Анара Бозаева Nissan көлігін тізгіндеген. Оқиға кеше, 2 шілдеде Бұқар Жырау ауданындағы «Ботақара-Доскей» тасжолында болған.
Депутат жолдан өтіп бара жатқан малға соғылған. Кейін рөлге ие болмай, мотоциклді қағып кеткен. Онда кәмелет жасына толмаған екі бала болған. Оның бірі – 8 жаста.
«Апат салдарынан жасөспірімдер әртүрлі жарақат алып, медициналық мекемеге жатқызылды. Бұл факт полицияда тіркелген. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Сотқа дейінгі толық және объективті тергеу жүргізілуде», – деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.