Маңғыстау облысында Lexus RX көлігін тізгіндеген жүргізуші патрульдік полиция көлігін артқы жағынан соққан. Оқиға Ақтау – Жетібай тас жолының 67-ші шақырымында болған.
ІІМ Telegram-каналының жазуынша, полицейлер өзге зақымданған Audi көлігін Shachman жүк көлігінің көмегімен эвакуация жасап жатқан. Lexus RХ жүргізушісі кейін инерциямен Shachman жүк көлігімен де соқтығысқан.
Апат салдарынан зардап шеккен екі адам ауруханаға жеткізілген. Олар медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді.
Медициналық куәландыру нәтижесі көрсеткендей, кінәлі жүргізуші жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болған. 59 жастағы жүргізушіге қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Материал сотқа жолданды.