БҚО-да мектеп директоры аттестат толтыру үшін ата-аналардан ақша жинатқаны белгілі болды. Бұл фактіні облыстық антикор қызметкерлері анықтаған.
Ведомство мәліметінше, БҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке директордың баспа құрылғыларының көмегімен мектепті бітіргені туралы аттестаттарды толтыру үшін ақша жинау фактісі бойынша білім беру ұйымы түлектерінің ата-аналары жүгінген.
Осы ақпараттың дұрыстығын тексеру үшін «ANTIKOR Ortalygy» сервистік орталығында құзыретті органдар өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті. Оның қорытындысы бойынша білім беру ұйымы – тапсырыс беруші мен «ЖШС» атынан өнім беруші арасында ағымдағы жылдың 19 мамырында мектепті бітіргені туралы аттестаттарды толтыру бойынша қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалғаны анықталды.
Мемлекеттік сатып алуды өткізу барысында тапсырыс беруші техникалық ерекшелікте «Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарды толтыруға қойылатын талаптарды бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2007 жылғы 21 қарашадағы № 565 бұйрығының талаптарын сақтамаған, яғни баспа құрылғыларының көмегімен аттестаттарды толтыру көрсетілмеген. Осыған байланысты, мектеп директоры егер түлектер электронды түрде толтырылған аттестат алғысы келген жағдайда, ата-аналардан 1000 теңге сомасында ақша жинау туралы нұсқау берген.
БҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін түлектердің ата-аналарынан жиналған ақшалай қаражат қайтарылды. Жоғарыда аталған бұзушылыққа жол бергені үшін кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.