Ақмола облысы Степногорск қаласының тұрғынына бұзақылар тап берген. 37 жастағы жәбірленушінің айтуынша, сағат 04:00 шамасында үйдің ауласында белгісіз адамдар “Redmi Note” маркалы ұялы телефонын, күміс алқасы, сағат пен пәтердің кілтін тартып алған. Ер кісі оқиға болған түні қонақтан үйіне келе жатқан. Үйдің ауласында бейтаныс жастар одан темекі сұрап, кейін ер адамды ұрып-соққан. Жеке заттарын алып, қашып кеткен.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктілердің жеке басы анықталды. Олар бұрын сотталған 31 жастағы жергілікті тұрғындар болып шықты. Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 191-бабы 2-бөлігімен “тонау” бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Тергеу жалғасуда» деп атап өтті облыстық Полиция департаментіндегілер.