102 нөмірі – әр адам білетін ең маңызды телефон нөмірі. Алайда көп жағдайларда ол ойын құралына айналады. Полицияның жедел қызметтері кез келген хабарламаға жауап беруге міндетті. Көрінеу жалған қоңыраулардың көбісі азаматтардың жеңіл-желпі іс-әрекеттерімен байланысты.
Polisia.kz жазуынша, жыл басынан бері елорданың 40 жастағы тұрғыны полицияға 99 рет қоңырау шалған. Барлық қоңырау шалулар бойынша дереу қызмет көрсетілген. Алайда қоңыраулардың бір-екеуі ғана полицияның араласуы қажет оқиғаларға қатысты болған. Қоңыраулардың көп бөлігі жалған болып шыққан. Жоғарыда аталған азаматтан полицияның 102 арнасына сағат 04.24-те Абай даңғылындағы супермаркеттің жанында белгісіз ер адам пышақпен жүріп, адамдарға қауіп төндіріп жүргені туралы бірнеше қоңырау келіп түскен. Оқиға орнына дереу полиция жасағы шыққан. Алайда тексеру барысында факті расталмады. Полиция қызметкерлері қоңырау шалушының жеке басын анықтады. Ол өз әрекетін мойындап, қоңырауларды мас күйінде шалғанын айтты.
Ер кісі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 438-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар тұрғынға қатысты қоғамдық орында алкогольдік ішімдіктерді ішкені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Қазіргі уақытта Астана қаласының Полиция департаменті залалды өндіріп алу үшін азаматтық сотқа материал дайындауда.