Бұл туралы Facebook әлеуметтік желісінің қолданушысы Ермұрат Бәпи хабарлаған. Сондай-ақ, ол елімізде бұған дейін ешкім сегіз жылға шартты түрде сотталмағанын айтқан. Әлдекімдердің ықпалы әсер еткен болуы мүмкін деген ойымен бөліскен.
“Бұған дейін Қазақстанда ешкім 8 жылға шартты түрде сотталмаған. Соған қарағанда, мүдделі біреулер “8 жыл” деген едәуір жазамен қоғамды алдарқатып, ал шындығында Самат Әбішті түрме жазасынан алып қалған. Қаңтар оқиғасына бірден-бір кінәлі күштік құрылымның жоғары дәрежелі лауазымгері осылайша тиісті жазадан құтылды. Әлбетте, бұл “комедияның” басты режиссері Нұрсұлтан Назарбаев екені тайға таңба басқандай аян жағдай”, – дейді ол.
Айта кетейік, Самат Әбіш қылмыстық кодекстің 362-бабы “Лауазымын асыра пайдалану” бойынша сотты болған. Сот мәліметіне сәйкес іс “құпия” болғандықтан, процесс жабық режимде өткізілген. Сондай-ақ Самат Әбіш кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтқан. Әрі балаларының болуы да жазаны жеңілдететін фактор ретінде қаралған.