Қазақстан Шахмат федерациясындағылар шахмат пәнін мектеп бағдарламасына енгізуді жоспарлап отыр. Жоспар жүзеге асса, 2023 жылдан бастап Қазақстанның кейбір мектептерінде шахмат жаңа факультатив пән ретінде оқытылады. Бұл туралы федерациясының вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов мәлімдеді.
«Федерацияның мақсаты – шахматты кеңінен насихаттау арқылы интеллектуалды ұлт қалыптастыру. Тең мүмкіндіктерді құру. Біздің екі амбициямыз бар. Біріншісі – шахматты мектеп бағдарламасына міндетті пән ретінде енгізу болса, екіншісі – біздің ерлер, әйелдер және балалар командалары әлемнің үздік ондығына тұрақты түрде енуі. Федерация дайындық жұмыстарын жүргізеді. Әңгіме орыс және қазақ тіліндегі оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді дайындау туралы болып отыр. Мұндай ауқымды жоспарды жүзеге асыру үшін ең алдымен ұстаздарды дайындау қажет. Ол үшін еліміздегі педагогикалық жоғары оқу орындары арнайы кафедралар ашуды көздеп отыр», – деді Дәрмен Сәдуақасов.
Федерация 2027 жылға қарай шахмат Қазақстанның барлық аймағында міндетті пәнге айналады деп жоспарлап отыр. Айта кетейік, бүгінде елімізде 50 мыңнан астам бала шахмат ойнайды екен.