Шымкентте «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде қаладағы көшелердің бірінен Өскемен қаласының тұрғыны ұсталды. Жас жігіттің құжаттарын тексеру және заңға қайшы заттардың бар-жоқтығын сұрастыру кезінде азаматтың сөмкесінен қара түсті полиэтиленді пакетте жапсырмаға (скотчқа) оралған күдік туғызатын зат анықталды. Қарау сәтінде пакет ішінен ақ түсті өткір иісті есірткі затына ұқсас ұнтақ табылып, жедел-тергеу тобымен тәркіленіп алынды.
Сараптама қорытындысымен аталған заттың «мефедрон» есірткі заты екендігін расталып, оның жалпы салмағы 1 кг 151 грамды құрады.
Күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігімен (аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жас жігіт уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Атап өту қажет, 29 жастағы азамат бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотты болған. Ал оның бұл әрекеті қолданыстағы заңға сәйкес ауырлататын мән-жай болып табылады және ол үшін ол қатаң жауапкершілік қарастырылған.