Шымкентте 40 жастағы әйел күйеуінің қолынан қаза тапты. Екі қыздың анасы күйеуімен азаматтық некеде тұрған екен. Марқұмның анасының айтуынша, күйеу баласы әйелді бес жерінен пышақтаған. Оның үшеуін мойын тұсынан, кейін жүрек пен тобығының үстінен сұққан.
Қызынан айырылған ананың видеосын қоғам белсендісі, танымал заңгер Айгүл Орынбек Facebook парақшасында жариялады.
Қайтыс болған әйелдің туыстары тергеу жұмыстарының әділ жүретініне күмәнмен қарайды. Айтуларынша, күйеу баласы бұған дейін ҰҚК-інде, кейін бизнеспен айналысыпты. Соңғы кезде елге оппозиция өкіл ретінде танымал Жармахан Тұяқбаймен ортақ бизнесін жүргізіп келген көрінеді.
«Ақшам көп, бәрін сатып аламын деп қорқытқан. Жалғыз ағаңды өлтіремін, үйіңді қырып, атып кетемін деген. Қаруы бар, оны да көрген қызым. Қызым қайтыс болғанға дейін тауға демалуға барғанда ұрыс шығыпты. Сол жерде пышақпен қорқытып, қол көтерген. Оны қыздары көрген. Кіші немерем қорыққанынан бар дауысы шығып, айқайлап жіберіпті. Оның бәрін бізге айтпаған, себебі оны осылай қорқытып, күшпен ұстап келген»,-деді анасы.
Осы жанжалдан соң қайтыс болған әйел анасына «өмірде қателестім, құтқарыңдар» деп айтыпты. Осыдан кейін ол төркініне қайтып келген. Арада бірнеше күн өткен соң үйінен шыққан оны күйеуі көлігіне салып, алып кеткен. Көлік ішінде пышақтаған.
«Экспертиза жасағандар бізге екі минутта жан тапсырды деп айтты. Өзі полицияға қызымды өлтіру үшін 3 күн дайындалдым деген. Өлтіріп алған денесін көлігіне салып алып, қаланы аралап жүрген. Анасына, әпкесіне келіндерін өлтіргенін айтқан. Демек сол ақшасына сенген болып тұр. Әйтпесе кім адам өлтіріп, кейін көлігімен емін-еркін көше аралап жүреді? Кейін өзі полицияға барған. Біз тергеудің қалай жүріп жатқанын білмей отырмыз. Бізге ешкім ешнәрсе айтпай отыр. Тергеп-тексеріп жатқан бір адам жоқ. Жалғыз қызымнан айырылып отырмын. Артында екі қызы жетім боп қалды»,-деді марқұмның анасы.
Қайтыс болған әйелдің туыстарының мәліметінше, полицейлер алғашында Қылмыстық кодекстің 106-бабымен (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соғу), кейін 99-бабымен (Адам өлтіру) іс қозғалғанын айтқан екен.
Полиция департаменті бұл қанды оқиғаға қатысты әзірге пікір білдірмеді.