Шымкентте 700-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды. Бұл туралы қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев өңірлік ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте мәлімдеді.
Спикердің ақпараты бойынша, департамент «Бизнеске жол» жобасы аясында 700-ден астам кәсіпкердің құқықтарын қорғап, 2600-ден астам бизнес өкілдерімен 55 кездесу өткізген.
Антикор мәліметінше, бизнес өкілдері жер қатынастары, салықтық және кәсіпкерлік бастамаларды мемлекеттік қолдау салаларындағы кедергілерге жиі шағымданады.
Жыл басынан бері департаменттің ұсынысы бойынша кәсіпкерлердің құқықтарын бұзғаны үшін мемлекеттік органдардың 6 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке, оның ішінде 1 қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, бизнесті қорғау бойынша атқарылған жұмыстар туралы қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова хабардар етті. Оның айтуы бойынша, 2022 жылы кәсіпкерлер палатасының қарауына 200-ге жуық өтініштер келіп түссе, оның ішінде оң шешімін тапқан 63,8% құрайды, 85 млн теңге сомасына құқықтар қорғалған. Бұл негізінен мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша төленген борыш сомалары, негізсіз әкімшілік айыппұлдар және тағы да басқалары.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің 12 отырысы өткізіліп, онда бизнестің 25 жүйелі мәселесі қаралып, оның 90 пайызы бизнестің пайдасына оң шешілген.
Спикерлер бизнесті адал жүргізуге шақырып, тек адал кәсіпкер ғана әрқашан заң шеңберінде қорғауға және көмекке сене алатындығынан хабардар етті. Сондай-ақ, агенттіктің 1424 Call-орталығының жұмысы туралы мәлімет беріп, онда сыбайлас жемқорлық туралы ақпаратты және лауазымды тұлғалар тарапынан басқа да әкімшілік кедергілерді сеніп тапсыруға болатынын жеткізді. Бұдан өзге қалада кәсіпкерге жерді жалға беру шартын ұзартуды 7 айға кешіктірілген дерек анықталған.
«Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне кәсіпкер негізсіз 7 ай бойы жер учаскесін жалға беруді ұзартудан бас тартқан мемлекеттік органға шағымданды. Департамент мүдделі тараптармен кездесу өткізіп, ұсынымдар енгізілді. Қорытындысы бойынша әкімдік жалдау мерзімін 10 жылға ұзартты» – деді департамент басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев брифингте.
Мұндай кедергілердің негізі – жер құқығын алу кезіндегі бизнес-процестер (сатып алу, жалдау, мақсатты өзгерту) келісудің артық кезеңімен шамадан тыс жүктелгендігі болды. Көрсетілетін қызметті берушінің тиісті шешімдерін дайындау барысында мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесі 8 лауазымды тұлғамен қағаз жүзінде келісілген.
Бейінді басқармамен және заң бөлімімен қатар, әкім аппаратының бірқатар лауазымды тұлғалары негізсіз енгізілген. Өткен жылдың өзінде тиісті емес тұлғалар 3 мыңға жуық мемлекеттік қызметті келісіп, 2 мыңнан астам жағдайдан бас тартты.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау қорытындысы бойынша бұл процестер толығымен қайта қаралып, формальды келісу практикасы тоқтатылды.