Шымкентте А.Байтұрсынов көшесі бойындағы жаяу жүргіншілер жолағында анасы мен қызын қағып кеткен полиция қызметкері уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
ІІМ Telegram-каналының жазуынша, жол-көлік оқиғасына қатысты ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Сондай-ақ қызметтік тексеру нәтижесінде тәртіп сақшысы Ішкі істер органдарынан босатылған.
Еске салсақ, 3 тамыз күні Байтұрсынов көшесінің бойында Тұран АПБ-ның жүргізуші полицейі жаяу жүргіншілер өткелінде екі адамды қағып, жол апатын жасады. Салдарынан анасы мен қызы әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді.
7 тамыз күні әйел жансақтау бөлімінде есін жимастан қайтыс болды.
Қылмыстық іс материалдары айыптау актісімен бірге сотқа жолданады.
Тергеу барысы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қайрат Далбековтің қатаң бақылауында.