Шымкент қаласы Полиция департаментіне жеке кәсіпкер бейтаныс екі азаматтың бопсалағаны туралы арызбен жүгінген. Оны күшпен қорқытқан ер адамдар жәбірленушіге тиесілі Toyota Camry 70 автокөлігін тартып алған. Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 194-бабы (Қорқытып алу) бойынша тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Аса ауыр қылмысты ашу мақсатында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері барлық қажетті жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде бірнеше күннің ішінде тергеушілер бопсалау жайтына қатысы бар күдіктілердің жеке басын анықтады. Екеуі де жергілікті қала тұрғындары, біреуі бұрын бірнеше рет сотталған.
Күдіктілердің бірі тұрғылықты мекенжайынан, пл оның сыбайласы қаладағы қонақ үйлердің бірінен ұсталды. Олардан екі аңшылық пышақ, 160 оғымен пневматикалық тапанша, 21 оғымен АК-47 автоматы және Макаров тапаншасының қабын тәркіледі.
Қазіргі таңда күдіктілер қамауда. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ полиция қызметкерлері ұсталған азаматтардың қазан айының басында өздігінше билік ету арқылы тағы бір жәбірленушіге тиесілі Iphone 13 Pro Max ұялы телофонын алып қойып, қайтармай қойғанын анықтады.
Жедел уәкілдер қылмыстық топтың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоқтығын тексеруде.