Шымкентте 26 жастағы тәттіқұмар жігіт дүкенге келіп, танымал бренд өнімдерін жымқырған. Оқиға Шымкент қаласындағы сауда орындарының бірінде, кешкі уақытта орын алған.
Әл-Фараби ауданының полиция басқармасына «102» арнасы арқылы ірі сауда орталығында басшылық қызмет атқаратын азамат арызданған. Ол арызында жас жігіт дүкеннен әрқайсысының құны 2219 теңге тұратын 15 қорап «Merci» маркалы шоколадты жасырын түрде жымқырып, оқиға орнынан бой тасалағандығын жазып көрсеткен. Жалпы келтірілген шығын – 33 285 теңгені құраған.
Аталған жайт ҚК-тің 187-бабы 1-бөлігімен (Ұсақ-түйек жымқыру) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Шымкент қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізген. Нәтижесінде күдікті азаматтың жеке басы анықталып, тәулік ішінде ұсталды. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Жасы – 26-да, жұмыссыз. Бұрын-соңды сотты болмаған. Тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Ұсталған азамат өз кінәсін толықтай мойындап, заңсыз әрекетке қаражаттан қысылғандықтан барғанын айтыпты. Яғни, ұрланған шоколадтарды көтерме бағада сатып, одан пайда таппақ болған. Белгілі болғандай, күдікті тәттілерді жеп те, сатып та үлгермеген.