Шымкентте тағы бір алаяқтық қылмысы әшкере болды. Еңбекші ауданының полиция басқармасының кезекші бөліміне 39 жастағы тұрғын арызданған. Оның айтуынша, бір жылдан бергі танысы телефон қосымшасы арқылы 1 миллион теңгеге тауарлық несие рәсімдеп, құнын өзі төлейтінін уәде еткен. Алайда несиесін төлемей қойған.
Жәбірленуші әйелдің арызы Қылмыстық кодекстің 190-бабы 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
«Тәртіп сақшылары күдіктіні тәулік ішінде қала аумағында қолға түсірді. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Жасы – 28-де, жұмыссыз. Ұсталған азаматша өз кінәсін толықтай мойындап, заңсыз әрекетке қаражаттан қысылғандықтан барғанын жеткізді. Қазіргі кезде күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоқтығы анықталуда. Тергеу амалдары жүргізілуде» деп атап өтті қалалық Полиция департаменті.