Шымкентте тағы бір жолаушылар тасымалдайтын көлік апатқа ұшырады. Оқиға бүгін күндізгі уақытта Бәйтереков көшесі бойында болған.
Жүргізушінің айтуынша, көліктің тежегіші істен шыққан соң жол шетіндегі бағанаға соғылған. Себебі жол бойында өзге көліктермен соқтығысып, жол апаты орын алуы мүмкін болған.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасындағылар бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді.
«13 маусым күні түскі уақытта №103 бағыттағы автобустың қатысуымен жол апаты болды. Аялдамада тұрған көліктен жолаушылар түсіп-мінген соң автобус төменге қарай жылжыған. Жүргізушінің айтуынша, алда кетіп бара жатқан көліктермен соқтығысудың алдын алу үшін ол оңға қарай бұрылып, бағанаға соғылған. Жолаушылар арасында зардап шеккендері жоқ»,-деп хабарлады басқармадағылар.
Полицейлер тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Жол апаты кезінде автобустың техникалық жағдайына қатысты тиісті сараптама жүргізілетін болады.
Айта кетейік, 8 сәуірде Шымкентте жүргізушісі дәретханаға шыққан қоғамдық автобус кенеттен қозғалып кетіп, 5 адамды мерт қылған болатын.