Шымкенттік 10 жасар бала Нұрбақыт Ағабек елорда вокзалында «Тальго» пойызының млн-шы жолаушысы атанды. Оқушы бүгін анасымен бірге Шымкент-Астана бағытындағы №85/86 «Тальго» пойызымен Астанаға келген. Олардың елордаға келудегі мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар балалар арасында өтетін жүзу жарысына қатысу екен.
Астана вокзалында миллионыншы жолаушыны «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының орынбасары Мұхит Тұрсынбаев пен пойыз жолсеріктері салтанатты түрде қарсы алып марапаттады.
«Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ хабарлауынша, балаға Apple iPad гаджеті, сымсыз құлаққап, жеміс-жидек себеті және гүл сыйға тартылды.
“Бұл біз үшін үлкен тосын сый болды. Жақында менің ұлымның туған күні, ал бұл сыйлықтар расында керемет. Осындай акцияны ұйымдастырған ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Бүгін біз көптеген жағымды эмоцияларға бөлендік”, – деді миллионыншы жолаушының анасы Жайна Фазылбекова.