Түркістан облысының полицейлері алаяқтық қылмысының 10 фактісіне қатысы бар күдіктіні ұстады. Тарқатып айтқанда, Арыс аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оған танысы кәсіпкерлік үшін мемлекет тарапынан қайтарымсыз ақша алып беремін деп жеке басын анықтайтын құжаттарын сұратқан. Арада 1 ай уақыт өткенде белгісіз біреудің өзінің атынан онлайн несие алғанын біледі. Содан жергілікті тұрғын өзінен құжаттарын сұраған бойжеткеннен күдіктеніп, тез арада полицейлерден мән-жайды анықтауға көмек берулерін сұраған. Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.
Күдікті тұрғылықты мекенжайынан ұсталды. Ол жұмыссыз, бұрын сотты болған Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты.
«Бойжеткен оңай жолмен ақша табу мақсатында мемлекеттен қайтарымсыз несие әперемін деп бірнеше тұрғынды алдап үлгерген. Сезіктінің жалпы 10 жайт алаяқтық қылмысына қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 600 мың теңгеге жуық. Ол қаражатты өзінің қажеттілігі үшін жұмсап жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде» деп атап өтті облыстық Полиция департаментіндегілер.