Шымкентте тәртіп сақшылары «Нұрсәт-3» шағынауданында орналасқан үй ауласынан «Audi-100» көлігін айдап кеткен ұрыларды санаулы минутта ұстады.
Полиция департаментінің мәліметінше, жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 3 млн теңгені құраған.
«Аталған жайт ҚК-нің 200-бабы 1-бөлігімен (автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) тіркелді. Жедел басқару орталығындағы бейнекамералардың көмегімен «102» пультіне хабарлама түскен сәттен арада үш минут өткенде Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Бәйдібек би көшесі бойында дәл сол «Audi-100» маркалы автокөлігін көріп, сол арада автокөлікке тосқауыл қойды. Тәртіп сақшылары көлікті заңсыз айдап әкеткен азаматтарды ұстады. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде» деп атап өтті ведомстводан.
Күдіктілер өз кінәларын толық мойындаған. Олар Түркістан облысының 2005 және 2002 жылы дүниеге келген үш тұрғыны болып шықты.
Жәбірленушінің автокөлігі айғақты зат ретінде тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды.