Шымкентте полицейлер түнгі уақытта қала көшелерін патрульдеу кезінде Тәуке хан даңғылының бойында Chery Tiggo автокөлігін тоқтатқан. Тәртіп сақшыларында жүргізуші мас күйде болуы мүмкін деген күдік туған.
Алайда көлік тізгіндеген азамат тәртіп сақшыларының заңды талабына бағынудан түбегейлі бас тартып, жылдамдықты барынша асыра қашып құтылуға тырысқан. Ер адамның бұл әрекеті жол қозғалысына қатысушы өзге де тұлғалардың өміріне үлкен қауіп төндірген.
Автоэкипаж қызметкерлері көмекке әріптестерін шақырып, жауапкершіліктен жалтармақ болған жүгенсіз жүргізушінің соңына түсіп, заң бұзушыны Рысқұлов көшесінің бойында ұстады.
Ер адам алкогольді ішімдік ішу дерегін анықтау үшін медициналық тексеруден өтуден бас тартыпты.
“Аталған жайтқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабы 1-бөлігі (Полиция қызметкерлерінің көлік құралын тоқтату туралы заңды талабын орындамау) және осы баптың 4-бөлігі (Масаң күйін куәландырудан өту туралы заңды талабын орындамау) бойынша хаттама толтырылды. Жинақталған іс-құжаттар әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жолданды. Сот шешімен азамат 15 тәулікке қамауға алынып, 8 жылға көлік басқару құқығынан айырылды” делінген полиция хабарламасында.