Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Оңтүстік Кореяда автобус жүргізушісіне пышақпен шабуылдаған қазақстандық әйелге қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ол ведомствода өткен брифинг кезінде айтты.
Спикердің сөзінше, Қазақстан азаматшасы арнайы мекемеге ем алып жүрген. Ұлты – кәріс. Сол елде этникалық виза алып, күйеуімен бірге бизнеспен айналысып келген екен.
«2020 жылдан бері арнайы мамандандырылған ауруханада стационарлық ем алып келген. Оқиға кезінде дәрілік препарат ықпалында болған болуы мүмкін»,-деді Айбек Смадияров.
Еске салсақ, 10 тамыз күні Сеулдегі метро станциясының алдында 50 жастағы әйел туристік автобустың терезе тазалағышын сындырмақ болған. Оны тоқтату үшін жүргізуші автобустан шыққанда қазақстандық әйел оған пышақпен шабуыл жасаған. Кейін оқиға орнынан қашып кеткен. Дегенмен корей полициясы оны бірнеше минуттан кейін ұстады.