Оқиға Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданында болған.
73 жастағы зейнеткердің айтуынша, екі белгісіз адам оның үйіне баса көктеп кірген. Содан қарияның аяғын скотчпен байлап, оған дене жарақаттарын келтіре отырып 70 мың теңге көлеміндегі ақшасын ұрлап кеткен.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жетіп, күдіктілерді ізін суытпай ұстады. Олар 63 және 42 туған жергілікті тұрғындар болып шықты. Екеуі де бұрын ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотталған.
Polisia.kz жазуынша, күдіктілер кінәсін мойындап, қылмыс алдын ала сөз байласу арқылы жасалғанын айтқан. Сондай-ақ жәбірленуші егде жаста болғандықтан оларға қарсы тұра алмайтынына сенімді болған. Сөйтіп бағалы тұрмыстық техниканы үйден шығару үшін қылмыс орнына қайта оралуды жоспарлаған.
Қазіргі уақытта күдіктілер сот санкциясымен қамауға алынды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 191-бабы 3-бөлігі (Тонау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.