Түркістан облысының полицейлері Созақ ауданында қызық үшін жол қозғалысын бақылайтын бағдаршаммен ойнаған жасөспірімдерді анықтады.
Әлеуметтік желіде белгісіз жас балалардың жол қозғалысын бақылайтын бағдаршамның арнайы құрылғысын ашып, ток жалғанған түймесін басып, электр сымдарымен ойнаған сәті түскен бейнежазба жарияланды. Полицейлер құқық бұзушылық жасағандардың жеке басын, тұрғылықты мекенжайын анықтады. Олар Созақ ауданының кәмелет жасына толмаған 3 тұрғыны болып шықты.
“Олармен профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жасөспірімдер бұл теріс әрекеттерін қызық көру мақсатында жасағандарын мойындап, алдағы уақытта қайталамайтындарын жеткізді” делінген полиция мәліметінде.
Аталған жайт бойынша жасөспірімдердің заңды өкілдері, яғни, ата-анасына ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) бойынша әкімшілік шара көрілді.