Отырар ауданы Көксарай ауылынан 3 шақырым жердегі Сырдария өзеніне батып кеткен 10-шы адам – 2011 жылғы ұл баланың мәйіті табылды.
ТЖМ хабарлауынша, 2013 жылы дүниеге келген қыз баланың денесін іздестіру жұмыстарын жалғасуда. Іздеу жұмыстарына барлығы 139 адам, 20 техника, 2 дрон және 9 жүзу құралы жұмылдырылған.
“Құтқарушы-сүңгуірлер су астында жүзу құралдарының көмегімен 2300 шаршы метр, 42 км өзен түбін зерттеді. Пилотсыз ұшу аппараттарын тарта отырып, 51 км аэровизуалды барлау жүргізілді. Іздеу жұмыстары құйындылардың, күшті су асты ағындарының, өзен тереңдігінің күрт өзгеруінің, жағалау аймақтарындағы өсімдіктердің тығыздығымен, сондай-ақ өзен түбінде ағаш бұтақтарының жиналуымен қиындай түсті” делінген ведомство мәліметінде.
Айта кетейік, 21 тамыз күні кешкі уақытта Отырар ауданындағы Көксарай ауылына жақын жердегі Сырдария өзенінде 11 адамның суға батып кеткені белгілі болды. Олар ағайынды 4 отбасының мүшелері.