Түркістан облысы Жетісай ауданында жайылым жерден 40 бас қой ұрланды. Осылай деген жәбірленушілер полицияға арызданған. Оларға 3 миллион теңге шығын келген. Полиция қызметкерлері тұрғындардың арызын Қылмыстық кодекстің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» тіркеді
«Тәртіп сақшылары оқиға орнын мұқият тексеріп, көрген-білген куәлардан жауап алды. Сонымен қатар полицейлер мал сататын орындарды да шолып шықты. Осылайша жүргізілген тиянақты істің нәтижесінде мал ұрлығына қатысы бар 2 күдікті ер адам ұсталды. Олар жергілікті тұрғындар болып шықты. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды»,-деді облыстық Полиция департаментіндегілер.
Белгілі болғандай, күдіктілер түнгі уақытта жайылымда жайылып жүрген қойларды көріп, оңай жолмен пайда таппақ болған. Екі жігіт ұрланған малды «Газель» автокөлігімен Сарыағаш ауданына апарып сатқан. Ал түскен ақшаны өзара бөліскен.
Полицейлер ұсталғандардың осы тектес басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоқтығын тексеріп жатыр.