Түркістан облысында Алматы-Термез тас жолындағы «Қазығұрт асуында» жол апаты орын алды. Патрульдік полиция батальонының қызметкері терезесін күңгірттеп алған «Mercedes-Benz Е-350» маркалы көлігіне әкімшілік шара көріп тұрған сәтте «Лада 21015» маркалы автокөлігінің жүргізушісі абайсызда артынан келіп соққан. Ол Шымкент бағытына қарай кетіп бара жатқан.
Осыдан кейін «Mercedes-Benz Е-350» көлігі өзінің алдында тұрған полицейдің «KIA RIO» маркалы қызметтік көлігіне соқтығысқан. Осылайша бірнеше көлікке материалдық шығын келтірілді.
«Адам шығыны жоқ. Жол апаты салдарынан «Лада 21015» көлігінің жүргізушісі мен 2 жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен орталық ауруханаға түсті. Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-бөлігі бойынша тіркеуге алынды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде»,-деді облыстық Полиция департаментіндегілер.