Түркістан қаласында бір топ жастардың төбелесі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Оқиға қонақ үй жанында болған. Куәгерлер төбелес туралы шұғыл полицияға хабарлаған. Ақпарат алысымен жедел басқару орталығының операторлары дер кезінде шаралар қабылдап, жақын маңдағы камераларды оқиға болған қонақ үйдің аумағына бағыттады. Оқиға орнына 2 минутта жеткен полицейлер бір топ жігіттің жанжалдасқанын, сондай-ақ дене жарақаты бар жәбірленуші ер бала мен жасырынуға тырысқан күдіктіні ұстады. Зардап шеккен жігітке жедел жәрдем қызметіндегілер көмек көрсетті.
«Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 293-бабы 1-бөлігі “Бұзақылық” бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Толық мән-жайды анықтау үшін күдікті ретінде анықталған Кентау қаласының тұрғыны полиция басқармасына жеткізілді» делінген облыстық Полиция департаментінің мәліметінде.