Түркістан облысында Өзбекстан елінің азаматы еңбек құлдығында болған.
Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 53 жастағы ер адамды жұмысқа жегу үшін бес жылдан астам уақыт бойы заңсыз ұстаған шаруа қожалықтарының екі басшысын ұстады.
Polisia.kz жазуынша, олар ер адамның төлқұжатын алып, 2017 жылдан бастап мал бағуға мәжбүрлеген. Жәбірленушінің мал қорада тұрғаны анықталды. Жұмыстан бас тартқан кезде оған физикалық және психологиялық қысым жасалған. ҚК-нің 126-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен тергеу жүргізіліп жатыр. Жәбірленуші оңалту және көмек алу үшін дағдарыс орталығына жіберілді.
Айта кетейік, ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті қыркүйек айында “STOP-трафик” кезекті кең ауқымды операциясын жүргізіп, адам саудасына байланысты 30 қылмысты анықтады.